

5 Қыркүйек - Қазақстан халқының тілдер күні және Ұлттық мәдениет пен әдебиеттің, білім мен ғылымның туын көтерген, "қазағым" деп жүрегі соққан, халқын алға жетелеуге ұмтылған, оның зердесіне сәуле түсіріп, санасын оятқан Алаш тобының рухани көсемі, тіл білімінің атасы - Ахмет Байтұрсыновтың туған күні.
Атаулы мерекеге орай 5 қыркүйек күні

№8 облыстық санаториялық мектеп- интернатында қоғамдық-гуманитарлық бірлестігі мен кітапханашылардың ұйымдастыруымен 4-9 сынып оқушыларға "Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте" тақырыбында танымдық сабақ өткізілді.

Танымдық сабақ барысында Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен шығармашылығы, кітаптары, ғылыми еңбектері туралы мағлұмат берілді. Сонымен қатар тіл - халықтың жаны, ұлттың айнасы, ең қымбат қазына екендігі және қазақ тілінің қоғамдағы орны мен маңызы туралы айтылды.

Танымдық сабақтың соңында мектеп- интернаттың ұстаздары сөз алып, тіл - ата-бабадан қалған асыл мұра, оны қастерлеу мен қорғау - әрбір азаматтың қасиетті борышы деді. Білімді ұрпақ, мемлекетіміздің тірегі, тәуелсіз еліміздің болашағы. Оқушыларға білім алудан, үйренуден, ізденуден еш уақытта жалықпау керектігін түсіндіріп өтті.

