
Елдің ертеңгі буыны – ұрпақ келешегінің кемел, болашағының баянды болуы, ең әуелі мұғалімнің есімімен тікелей байланысты. Білім мен тәрбие құндылықтарын үздіксіз игертіп, сауатты және өз білімін туған жерінің игілігіне жұмсауға құштар жас өрендерді өсіріп, алтын ұяларынан ұшыру да ұстаздардың күнделікті тіршілігінің көрінісі. Сондықтан да бар адамзаттың құнды өмірлік тәжірибесін және адамгершілік негізін қалыптастырған мұғалімдер қауымын ұлықтап, құрмет білдіретін бұл күн – ұлық мереке.

ҰСТАЗДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

"Ұстаздар күні" мерекесіне орай

№8 облыстық арнайы санаториялық мектеп-интернатында "Ұстазым - ұлағатым, қарттарым - қазынам!" атты мерекелік шара өткізілді. Мерекелік шарада сөз алған мектеп-интернат директоры Берікбол Оразгелдіұлы: «Халқымыз ұстаздық ету талабы қашанда таусылмайтын, заманы ешқашан ескірмейтін кәсіп. Ұстаздарды ұлықтап, қадір тұтып, құрметтеу – парыз. Білім беру ісі бұл тамыры тереңде жатқан, бір күн немесе бір жылда көрінбейтін еселі еңбек» деп, барлық ұлағатты мамандық иелері мен білім саласының ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, ҚР Оқу-ағарту министрі Бисембаев Ғани Бектайұлы және Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы Есжанов Асқар Темірбекұлының алғыс хаттарымен марапаттады. Сонымен қатар директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары Гүлфарида Сейткамалқызы, кәсіподақ ұйымының төрайымы Роза Жақсылыққызы да қызмет атқарып жүрген ұстаздар мен ардагер ұстаздарды айтулы мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Шара соңында ардагер ұстаздар Шахапова Әприза, Әліпбаева Мадина, Жақыпбаева Роза сан мыңдаған шәкірттер мен жас мамандарды тәрбиелеуде өз бақытын еңбектен тапқандарың айтып, құрмет көрсетіп жатқан мектеп-интернат ұжымына алғыстарын білдірді.
Мерекелік шарада оқушылар ән айтып, би билеп, ұстаздардың көңілдерін серпілтті.